Мемлекеттік сатып алу бойынша 207,5 млрд теңгенің заң бұзушылығы анықталды

Ләззат Қожахметова

2014 жылы мемлекеттік сатып алу үшін бюджеттен 647, 5 млрд теңге қаражат бөлінсе, оның ішінде 207,5 млрд теңгесі (32%) мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзу арқылы өткізілгенін анықталды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің сайтына жарияланды.

Мемлекеттік сатып алудың электронды порталында «Қызметтік қолданыстағы Toyota Land Cruiser Lc 200 жеңіл автокөлігіне қызмет көрсету» деген лот жарияланды.
5 миллион 282 мың теңгеге бағаланған мемлекеттік тапсырыстың иесі Қарағанды қаласының әкімдік аппараты. Бұл қызметтік көлік сол кездегі Қарағанды қаласының әкімі Мұрат Смағұловқа тиесілі болып шықты. Бұл хабарландыру өткен жылдың 6 маусымы күні goszakup.gov.kz сайтына жарияланды. Тапсырыс берушінің талабы бойынша жеңімпаз Toyota Land Cruiser L көлігіне жарты жыл бойы 5 миллион 282 мың 142 теңгенің қызметін көрсетуі тиіс. Vip-машинаны жөндеп, жуып, жанар-жағар маймен қамтамасыз еткені үшін ай сайын 880 мың теңге төленеді. Дегенмен, http://goszakup.gov.kz сайтына №703732-2 электронды байқаудың өткізілмейтіндігі туралы шешім жарияланды. Себебі, қымбат көлікке қызмет көрсетуге тек бір ғана мекеме өтініш түсірген. «Шаруашылық басқармасы» ЖШС Қарағанды облысы әкімдігі мен басқа да мемлекеттік органдардың автопаркіне қызмет көрсетумен айналысатын мемлекеттік мекеме. Сайтта «Мемлекеттік сатып алу бойынша машинаға техқызмет көрсетуге жарияланған электронды байқауға түскен ұсыныстар екі өтініштен кем болғандықтан өткізілмеді деп танылсын» делінген. Қала әкімі мінетін көлікті ұстауға жарты жылда 5 миллионнан аса қаражаттың бөлінетіндігін http://goszakup.gov.kz сайтында электронды байқау жарияланбаса білмейтін де едік. Бюджет қаражатының негізсіз жұмсалып жатқанын http://goszakup.gov.kz сайтындағы лоттардың бағалары арқылы көз жеткізуге болады.
Дегенмен, бюджеттік мекемелердің барлығы электронды байқауға қатысуға ықыласты емес. Мәселен, Қарағанды облысында білім саласына биыл бөлінген 7 миллиард теңгенің тек 467 миллионы бойынша ғана мемлекеттік сатып алу электронды түрде өткізіледі. Бұл қаражатқа мемтептерге жөндеу жасалады. Көмір түсіріліп, шеберханалар жасақталады. Ал, қалған ақшаны тендер арқылы игереді. Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Асхат Аймағанбетовтың айтуынша мемлекеттік сатып алу туралы заңды жетілдіру керек. «Біз жақында бейнебақылау құралдарын сатып алу үшін байқау өткіздік. Кәсіпкерлер техқұжаттармен таныспайды да. Барлығы қатысуға өтініш білдіре береді. Байқауға бейнебақылау жүйесін қосуға мүмкіндігі жоқтар да қатысты. Нәтижесінде, бұдан оқу орындары зардап шекті. Мектеп директорлары мен бухгалтерлер соттасумен жүр. Бүгінгі таңда 50- ге жуық сот процессі жүріп жатыр. Облыстық әкімдікте мемлекеттік сатып алу бойынша бөлім ашып, қазір интернат директорлары айналысып жатқан сатып алу жұмысын толық солардың қолына беру керек. Педагогтардың басты міндеті балаларға білім беру. Ал, шаруашылық жұмыстар бұл міндетті толық атқаруға мүмкіндік бермей отыр»,-дейді басшы. Яғни, электронды сатып алу жүйесінде олқылықтар кездеседі. Сол себепті, байқауды жеңіп алған компаниялардың тапсырысты уақытында орындамауы жиі кездесуде.
Қазіргі таңда ҚР Бас Прокуратура анықталған заңбұзушылықтарды жоюмен айналысуда. Мәселен, http://goszakup.gov.kz сайтында жосықсыз қатысушылар тізімі жарияланған. Қазақстан бойынша 6721 мекеме осы «қара тізімге» енген. Қарағанды облысы бойынша 538 болса, мемлекеттік сатып алу ісінде шалағайлыққа жол бергендер Астана қаласында көп болып шықты. Астанада 833, Алматы қаласында 825 мекеме сенімсіз деп танылған.
ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу ісінде заңнаманың сақталуын қадағалау мақсатында ұдайы тексерістер жүргізумен айналысады. Мәселен, аталған мекеменің 2014 жылдың 9 айында 484 912,9 млн. теңгеге  жүргізілген  2 907 тексеру жұмыстарының нәтижесін зерделеп көрейік. Жүргізілген 1 403 тексерісте заңбұзушылық анықталған. Қамтылған  94 695  процедураның  12 443 процедурасы заңнаманы бұзумен жүргізілген.
Республикалық бюджеттен қаржыланатын мекемелердің мемлекеттік сатып алуды  жүргізу кезінде заңбұзушылыққа жол беру үлесі — 15 462,9 млн. теңге, жергілікті бюджеттен қаржыланатын мекемелердікі —  105 601,5 млн. теңге, шаруашылық субъектілердікі — 28 659,2 млн. теңгені құраған. Ал, конкурс тәсілімен жүргізілетін сатып алулар кезінде заңсыздық 93 185,9 млн. теңге, бір көзден алу тәсілі 93 185,9 млн. теңгеге жетті.
Тексерулердің 55,5% жоспарлы, 44,5%  жоспардан тыс жүргізілген. Мемлекеттік сатып алу туралы жоспардан тыс тексерудің маңызды бөлігі әлеуеттік жеткізушілердің өтініштері мен құқық қорғау органдарының қаулылары бойынша ұйымдастырылады. Сонымен,  2014 жылдың 9 айында өтініштердің негізінде 923 тексеру жүргізілген, оның ішінде  544 тексерісте мемлекеттік сатып алу процедурасында заңбұзушылық анықталды. Құқық қорғау органдарыулыларының негізінде  262 тексеру жүргізілген, оның ішінде 14 135,3 млн. теңгенің мемлекеттік сатып алу процедураларының заңға сай еемс екендігі белгілі болды.
Қазақстанда мемлекеттік сатып алу процессі әлі қалыптасу үстінде. Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Сыбайлас жемқолрлықтың үлесі осы мемлекеттік сатып алуда» деп тегін айтқан жоқ. Мемлекет қаражатын негізсіз қолданғандар жауапкершілікке тартылуда.Мәселен, 2014 жылдың 9 айы бойынша мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін  811 лауазымды тұлға 89,1 млн. теңгеге әкімшілік жауапкершілікке, 1 322 лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке  тартылды. Сондай-ақ жолданған ұсыныстардың негізінде мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілген 254 процедура негізсіз деп табылып, қорытындыларды қайта қарау жолымен  жойылды.
Мемлекеттік сатып алу ісін неғұрлым ашық ету үшін барлық байқауды электронды түрде жүргізуге толық көшудің қажеттілігі туып отыр.
lyazzat-kojahmetova (1)

lyazzat-kojahmetova (2)

lyazzat-kojahmetova (3)

lyazzat-kojahmetova (4)

https://jansarayim.wordpress.com/2015/06/12